Мәдениет саласы бойынша 2018 жылы атқарылған жұмыс туралы ақпарат

«Мәдениет – ұлттың бет-бейнесі, рухани болмысы, жаны, ақыл-ойы, парасаты. Өркениетті ұлт, ең алдымен, тарихымен, мәдениетімен, ұлтын ұлықтаған ұлы тұлғаларымен, әлемдік мәдениеттің алтын қорына қосқан үлкенді-кішілі үлесімен мақтанады. Сөйтіп, тек өзінің ұлттық төл мәдениеті арқылы ғана басқаға танылады» деп Елбасы атап көрсеткендей, адамзат тарихының күретамыры – мәдениет, ал мәдениеттің күретамыры – адамзаттың ақыл-ойы мен іс-әрекетін дүниеге әкелген материалдық құндылықтар болып табылады. Бұл бәрімізге белгілі ақиқат. Қай халықтың болмасын өзге жұртқа ұқсамайтын бөлек болмыс-бітімін даралап, өзіндік тағдырын айқындайтын басты белгісі - мәдениеті.

Мәдениет – халқымыздың еншісі, бабалардан қалған  ұлтымыздың  қазынасы. Ертеңгі ұрпаққа аманат етер ұлт байлығының бағасы.

Жұмыстың негізгі мақсаты мен басты мағынасы да осында. Мәдениет саласы қызметінің ерекшелігі - елдің мәдени байлығы мен бабаларымыздың қалдырған мұрасы өте сирек топтастыру әлеуетіне ие екендігінде.

Қазіргі уақытта облыс бойынша  719  мәдениет  мекемелері  халыққа  қызмет көрсетеді.

Атап айтсақ, 24 музей, 379 кітапхана, 2 театр, 269 клуб мекемесі, 5 автоклуб /ауылдық жерде/, 7 кинотеатр, 22 киноқондырғы, 3 демалыс саябағы, концерттік мекемелер, тарихи-мәдени мұраларды қорғау жөніндегі инспекция жұмыс істейді.

2018 жылы мәдениет саласына 6 193,1 млн. теңге облыстық бюджеттен қарастырылды.

Облыс әкімдігі тарапынан  мәдениет саласына әрқашанда қолдау көрсетіліп, салаға бөлінетін қаражат соммасы жыл сайын ұлғайып келеді.

2017 жылы 6 мәдениет мекемелері күрделі жөндеуден өткізіліп, Теректі ауданы Подстепное ауылында Мәдениет үйі салынып, халық игілігіне берілсе, биылғы жылы Жәнібек ауданы Ұзынкөл ауылының Мәдениет үйінің  күрделі жөндеуіне 42  млн. теңге, Бөрлі ауданы Ақсай қаласындағы тарихи-өлкетану музейінің күрделі жөндеуіне 38 млн. теңге бөлініп, жұмыстары аяқталды. ҚР Тәуелсіздік күні қарсаңында Сырым ауданы Қособа ауылында Мәдениет үйі жаңадан салынып,  пайдалануға берілді.

Мәдениет мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға биылғы жылы 280 млн.тенге бөлініп,  дыбыс, жарық және музыкалық аппаратуралар, лед экран, сахналық киімдер және т.б сатып алынды.

Қазіргі кезеңде мәдениет саласы адамдардың өскелең талабын  қанағаттандыруға, рухани байлығын, жалпы қабілетін дамытуға, жоғары эстетикалық  талғамын қалыптастыруға  тиісті болса, бұл міндеттерді іске асыруда кітапханалардың  алатын орны ерекше. Биылғы жылы облыс кітапханаларының жүйесінде  379  кітапхана жұмыс істейді, ауылдық жерде соңғы жылдары тұрғындар санының азаюына байланысты  4  кітапхана  (Теректі ауданы - Қарабас, Ерсары, Сатымшеген, Сүттігенді және Тасаншеген ауылдық кітапханалары, Зеленов ауданы-Чапурин, Карпов, Балабанов, Красный Урал ауылдық кітапханалары) жабылды.

Облыстың 4 ауданының 4 ауылдық кітапханаларының базасында жалпы соммасы 16 млн. теңге құрайтын коворкинг-орталықтар ашылды (Зеленов ауданының Дарьинск ауылдық балалар кітапханасы, Ақжайық ауданының Жаңабұлақ ауылдық кітапханасы, Теректі ауданының Подстепное ауылдық  кітапханасы, Бөрлі ауданының Бөрлі ауылдық кітапханасы). 2019 жылғы бюджет жоспарында 4 коворкинг-орталықтың ашылуына қаражат бөлініп, орталықтардың  санын көбейту мақсатында жұмыстар әрі қарай жүргізілуде.

Облыстық кітапханаларда «Ауыл кітапханаларының фестивалі», «Жаңа дәуір - жаңғырған оқу»,  «Цифрлы дәуірдегі оқу», «Өткенді сақтай отырып, болашақты қалыптастырамыз»  атты  жобалар жүзеге асырылуда.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында «Цифрлық дәуір талабы-заманауи кітапханалық қызмет» тақырыбында  семинар–тренинг,  «ОқуKZ» және «Оқитын қала» жобалары, «Ауыл кітапханаларының фестивалі» атты облыстық жоба аудандарда  жүзеге асырылды.

Хамза Есенжанов атындағы облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасының ұйымдастыруымен Астананың 20 жылдығына арналған «Асқақтай бер, АСТАНАМ!» атты облыстық мәнерлеп оқу байқауы, «Рухани қазына» кіші бағдарламасын жүзеге асыру аясындағы «Ақжайық – ару мекенім» жобасы бойынша жас кітапхана  мамандарына арналған «Жас ұрпақ оқуы – елдің интеллектуалды ресурсы» облыстық креативті идеялар жәрмеңкесі, «Кітап – достық көпірі» атты ұлттар әдебиеті облыстық байқауы өткізілді. Сонымен қатар, «Отбасы оқуы – ұрпақтар сабақтастығы» атты облыстық оқырман отбасылар шеруі, «Кітапхана – ерекше балаларға арналған ашық ақпараттық кеңістік» облыстық шығармашылық лабораториясы, «Тәуелсіздік тірегі - Астана!» атты  шығармашылық  жұмыс байқауын, «Астана - арман қала» атты облыстық сурет сайысын және «Асқақтай бер, Астанам!» атты қалалық және облыстық мектептердің  оқушылыры арасында  мәнерлеп оқу байқаулары өткізілді.

Өткен тарихымызды жаңғыртып, халқымыздың рухани байлығын арттыру мақсатында облыста 22 музей жұмыс істейді, олардың 12-сі ауылдық жерде. 

Биылғы жылы «Күй атасы» атанған, ұлы қүйші - композитор, дәулескер домбырашы, өнерінен өнеге дарыған Құрманғазы Сағырбайұлының ғұмырнамасының ақиқатын, күйлерінің шығу тарихын, шығармашылық-қайраткерлік болмысын сипаттау бағытында зерттеп-зерделеу, қазақ музыка мәдениетінде өшпес із қалдырған Ақ Жайық өңірінің айтулы, атақты күйшілерінің өмір деректері, олардың күйлерін зерттеу мақсатында «Ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні» атты халықаралық ғылыми экспедициясы ұйымдастырылды. Экспедиция маршруты облыстың Қаратөбе, Жаңақала, Казталов (Көктерек ауылы) аудандарымен өтіп, РФ Астрахань облысы Володар ауданы Алтынжар ауылында аяқталды.

Ұлы күйші Құрманғазының мерейтойлық датасына арналған шаралар  «Жаһандану әлемі және Құрманғазы Сағырбайұлының мәңгілік мұрасы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциямен қорытындыланды. Конференцияда Астана, Алматы қалаларынан келген ғалымдар тарапынан күй атасының қайталанбас бітім-болмысы, күй өнері, ұлттық музыкалық мәдениет тарихындағы өнер иесінің шығармашылығы, тарихи тұлға ретінде зерттелу мәселелері талқыланды.

Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында 18-23 маусым күндері республикаға танымал музейтанушы-ғалымдар мен ҚР Мәдениет және спорт министрлігі өкілдерінің, музей басшылары мен өлкетанушылардың қатысуымен «Жайықтың қасиетті орындары» атты республикалық өлкетанушылар форумы өтіп, «Рух дауысы» музейдегі түн акциясы,  суретші-иллюстратор Аңсаған Мұсатфаның көрмесі ұйымдастырылды. Археологиялық ескерткіш  Жайық қалашығына  экскурсия, Теректі ауданы Долинный ауылы Тақсай обалар кешенінде «Алтын ханшайым» көрмесі, Жұмағазы хазірет «Дәдем ата» қорымында ас беріліп, Сырым ауданындағы «Алаш музейінде»  «Алаш ардақтылары» атты театрландырылған қойылыммен жалғасын тапты. Жәнібек ауданында алаш қайраткері Ғұмар Қараш оқулары өтіп, республикалық өлкетанушылар форумы  Бөкей ордасында өз мәресіне жетті.

Рухани кемелдік пен мәдени өсуге ықпал ететін тәрбие ошағы – Х.Бөкеева атындағы қазақ драма театры мен А.Островский атындағы драма театрында 353 қойылым көрсетіліп, оған 76724 көрермен қатысты. Екі театрда 14 жаңа қойылымдардың премьерасы өтті. Х.Бөкеева атындағы қазақ драма театрында С.Жүнісовтің «Қысылғаннан қыз болдық» комедиясы мен  С.Досановтың «Мәншүк» драмасының, Н.Сауданбекұлының «Мұқағали - Нұрғиса» драмасының, А.Островский атындағы драма театрында «Аленький цветочек», Н.В.Гогольдың «Женитьба» комедиясының премьералары өтті. Заман ағымымен бірге қояр талабы да биік көрермен қауымның рухани сұранысы мен эстетикалық талғам деңгейінен шығу үшін жыл сайын  Қазақстанның қалалары мен алыс-жақын шет елдердің танымал режиссерлары шақырылып отырады. 

2017 жылы желтоқсан айында облыстық қазақ драма театрына Қазақстанның Халық әртісі Хадиша Бөкееваның есімі беріліп, биылғы жылдың қаңтар айында батысқазақстандық делегация Алматы қаласында (А.Зенков 96-үй) Қазақстанның Халық әртісі Хадиша Бөкейқызы Бөкеева тұрған үйге мемориалды (ескерткіш) тақта орнату салтанатына қатысты.

Желтоқсан айында ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері М.Өтекешева мен А.Маемиров, М.Ахманов, Г.Жақыпова, А.Сатыбалды, Б.Айтжан сынды  республикаға танымал  өнер қайраткерлері қатысуымен Х.Бөкеева атындағы  Қазақ драма театры биылғы жылы 25 жылдық мерейтойына  салтанатты шара өткізілді.

Облыста үш кәсіби концертік мекемелер бар - облыстық камералық оркестр, жастар шығармашылығы орталығы мен елу жылдық тарихы бар Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармония. Бұл  өнер ұжымдары облыста ғана емес, халықаралық және республикалық сахналарда өз өнерлерін көрсетіп жүр.

Елбасының Өзбекстанның Қазақстандағы жылы аясында наурыз айында Өзбекстанның халық артисі, профессор Форук Садыковтың Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның Дәулеткерей атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің қатысуымен «Шығыс әуендері» атты жеке шығармашылық концерті, қарашада Өзбекстанның Халық әртісі Мансур Ташматовтың Батыс Қазақстан облысы әкімінің эстрадалық-симфониялық оркестрінің қатысуымен «Жастық шағымның әндері» атты  концерттік бағдарламасы өтті. 

Облыстық камералық оркестрі  "Времена года", "Концерт в басовом ключе" классикалық шығармалардың концерттерін өткізіп, Қызылорда қаласында өткен камералық оркестрлердің республикалық фестивалінің дипломанты атанды.

Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармониясының ұйымдастыруымен Қазақстан композиторлар Одағының мүшесі, әнші-композитор Жаскелең Ғайсағалиевтің әндерін орындаушылардың аймақтық «Ән – махаббат» атты эстрадалық әншілер байқауы, Қазақстанның халық артисі Мақпал Жүнісованың «Ақжайыққа ән шашу» атты концерті, Астана операның жетекші солисттері,  ҚР-ның еңбек сіңірген қайраткерілері Бағдат Әбілханов, Дина Хамзина, халықаралық конкурстардың лауреаттары Ержан Саипов, Жандос Мұхамедидің қатысуымен «Музыка весны» атты концерт, ҚР Еңбек сіңірген артисі Нұрлан Өнербаевтың концерті, Оңтүстік Қазақстан облыстық филармониясының әншісі Роза Мұсаның "Мұздаған жүректі еріткен" атты концерті өтіп, өнер ұжымдарының Тайвань еліне, РФ Саратов облысына гастрольдік сапар ұйымдастырылды.

2018 жылдың 3 тамыз күні Астана қаласындағы «Этноауыл» ұлттық-мәдени кешенінде Жастар шығармашылығы орталығы Елордамыздың жылдығына орай «Ақжайық асқақтайды Астанамен!» атты концертін ұйымдастырды.

«Қазақстандық 100 жаңа тұлға» жобасының жеңімпазы Халықаралық конкурстардың лауреаты, музыка академигі, «Жаншуақ» сыйлығының лауреаты Саида Калыкованың «Асыл қалам» атты шығармашылық кеші ұйымдастырылды.

 Халқымыздың мол мұрасы мен ұлттық өнерін, салт-дәстүрін дәріптеудегі толымды істер өңіріміздің жарқын көрінісіне айналып, халықты рухани сусындатты.

Оның ішінде: облыс орталығында Ұлыстың Ұлы күніне арналған «Наурыз – көктем сәлемі» театрландырылған мәдени-көпшілік шарасы, «Балдәурен» балалар шығармашылығы фестивалі, «Burabay Summer Fest» Халықаралық балалар мен жасөспірімдер телевизиялық фестивалінің іріктеу кезеңі, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, әнші-термеші Қаламқас Орашеваға арналған «Көмейінде күміс жыр» республикалық қыз-келіншектер арасындағы әнші-термешілер байқауы, мәдениет және өнер қызметкерлерінің «Рухани қазына» облыстық фестивалі, «Мәдени КВЕСТ-2018», Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Т.Айбергенов атындағы сыйлықтың лауреаты, ақын Ғ.Сейтақтың «Мен – Нарынның ұлымын!», ҚР Жазушылар және Журналистер Одағының мүшесі, Халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты, жазушы-журналист М.Шүйіншәлиеваның «Тұмадай тұнық, таулардай заңғар» шығармашылық кеші, ҚР Халық артисі, «Отан» орденінің иегері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, әнші-композитор Е.Хасанғалиев әндерін орындаушылардың Х Халықаралық «Атамекен» ән фестивалі.

Еліміздің түкпір-түкпіріндегі дәстүрлі әнші-термеші, күйшілердің басын бір арнаға тоғыстырып, әр аймақта қалыптасқан өнер мектептерінің таңдаулы туындыларын дәріптеп, төл өнеріміз - күй, жыр-термені дамытып, заманға сай жаңашылдандырып, өскелең ұрпаққа насихаттаудағы «MEN QAZAQPYN» Халықаралық мегажобасының облыстық кезеңі жыл сайын өткізілуде.

Ал еліміздегі тұңғыш рет аталып өткен «Ұлттық домбыра» мерекесі өскелең ұрпақты ұлтжандылыққа үндесе, күй атасы Құрманғазы Сағырбайұлының 200 жылдығына арналған «Ұлы дала мұрасы» республикалық домбырашылар байқауы және «Нағыз қазақ домбыра» кең ауқымды күйшілер шеруінде 1700 домбырашы Жайық даласын Құрманғазы бабаның рухты күйлерімен күмбірлетіп, Қазақстан рекордтар кітабына енді. Айтулы шараға елімізге танымал өнер майталмандары ҚР еңбек сіңірген қайраткері, күйші-домбырашы Айтжан Тоқтаған, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры, күйші Орынбай Дүйсен, ҚР еңбек сіңірген артисі, күйші Айгүл Үлкенбаева қатысып, ұлы баба рухына тағзым етсе, ғасырлар қойнауынан бүгінге жеткен ұлттық өнеріміз республикалық деңгейде ұлықталды.

Жайықтың төрінде айтыстың айшықты келбеті 60 жылдық мерейтойымен жарқырай түсті. Айтыс өнері өзіндік өрнегімен тарих бетінен орын алса, айтыс ақтаңгерлері мен қолдаушылары бекзат өнердің салтанат құруына елеулі қызмет етті. Айтулы шарада айтыс өнерінің ардақтылары мен жас буын айтыскерлеріне құрмет көрсетіліп, жыр мерекесі «Жалындаған Жайық-жыр» республикалық ақындар айтысымен өрнектелді. Келесі жылы да өңірімізде республикалық ақындар айтысын өткізу жоспарланды.

Облыстағы бірегей өнер ордасы Қадыр Мырза Әли атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығында «Елеулі есімдер», «Жарқ етіп сөнген бір жұлдыз», «Ауылдағы ардақтылар» жаңа жобалары халыққа танылып, танымал өнер тұлғалары мен ел ағаларының ғибратты өмір жолдары дәріптелсе, «Қадыр жолымен...» жобасымен «Дала дидары» көшпелі өнер ұжымының маусымашары Алматы, Астана қалалары мен Атырау облысының Құлсары, Индер, Махамбет аудандары және өңіріміздің Ақжайық, Теректі, Сырым аудандарында Қадыр ақынның шығармашылығы дәріптелді.

Ал Тасқала ауданындағы «Елге сәлем», «Мәдени жайлау» жаңа жобалары қазақтың салт-дәстүрлерін халыққа кеңінен насихатталды.

Бүгінгі ұрпақ үшін жаңғыру жолы - ұлттық құндылықтарды халықтың игілігіне айналдыру. Осы бағытта  «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында облыс бойынша 689 шара ұйымдастырылды.

Соның ішінде биылғы жылғы алған рет өткізілген ауқымды шаралардың бірі – мәдениет қызметкерлері мен мекемелерінің  «Рухани қазына» фестивалі болды.

Қалалық Жастар мәдениет үйінің ұйымдастыруымен ІІ «Жайық сазы» өнер фестивалі, «Алтын жүрек домбыра», «Бабалар мұрасы» әнші-термеші, күйшілердің өнер мерекесінде Батыс, Арқа, Жетісу, Сыр, Маңғыстау дәстүрлі ән мектептерінің өкілдері мен күй дарабоздары ұлттық өнеріміздің қасиетін арттырды. Өнердің өміршең болуы үшін өнегелі шаралар аудан көлемінде толастамай жүзеге асуда. Соның бір дәлелі «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде Теректі ауданында «Шалқар толқыны» республикалық ән Ақжайық, Жаңақала ауданында «Мен сыйға тартқан домбыра» акциясы, «Орамал - отанасының басындағы байрақ» жобалары, Казталов ауданында I Халықаралық «Қызғалдақ көктемі» фестивалі, Қаратөбе ауданында «Туған жер - туған ел» аудандық мекемеаралық өнер фестивалі өтті.

Биылғы жылы төрткүл әлемге танымал шаһарға айналған елорда Астананың 20 жылдығы ерекше аталып өтті. Жайық өңірінің жұртшылығы да атаулы мерекені лайықты қарсы алып, маңызды басқосу мен кездесулер, концерттік бағдарлама мен фестивальдер Астана келбетін айшықтай түсті.

Батысқазақстандық өнер шеберлері Астананың 20 жылдығына «Ақжайық асқақтайды Астанамен!» мерекелік концертін тарту жасап, 250-ге жуық көркемөнерпаздар Астана төрін бір күн бойы думанға бөледі. Сонымен қатар, Батыс Қазақстан облысының атынан сыйға тартылған «Ақжайық» тынымбағында Елбасының қатысуымен Кеңес Одағының Батыры М.Маметованың ескерткіші ашылды.

Облыс өңіріндегі Қадыр Мырза Әли атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығының амфитеатрында 12 ауданның көркемөнерпаз ұжымдарының «Астанаға сәлем!» атты өнер фестивалі өтті.

Өңір жастары мен жасөспірімдердің мәдени дүниетанымын қалыптастыру, бос уақытын тиімді ұйымдастыруда облыстық өнер орталығында Т.Жароковтың 110 жылдығына арналған «Туған жер» облыстық жыр мүшәйрасы, Ақжайық ауданы Тайпақ ауылында ақын С.Әбдуғалиевтың 70 жылдығына арналған «Кіндік жұрт – Қазақстаным!» аймақтық-республикалық жыр мүшәйрасы, Сырым ауданында «Мен - қазақпын» облыстық дәстүрлі әнші-термешілер байқауы, тұңғыш рет Қазақстанның Халық жазушысы, ақын Қадыр Мырза Әлидің шығармашылығына арналған «Қадыр оқулары» республикалық байқауы оздырылып, «Сөздің бәрі құдіретті...» бәйгесінде Қадырдың 355 өлеңін жатқа білетін Сырым орта мектеп-балабақша кешенінің тәрбиеленушісі Береке Орынбасар Бас жүлдені жеңіп алып, ақынның рухын биіктетті.

Бүгінгі таңда халық шығармашылығы - өз уақыты мен дүниетанымын көрсететін шабыттың қайнар көзі.  Сол бағытта ауыл-аймақтардағы кәсіптік өнердің жоғарғы деңгейге көтерілуіне «халықтық», «үлгілі» атақтары бар ұжымдар жан-жақты бай репертуарлары мен өздерінің өнер жолындағы жұмыстарының кеңеюін, халықтың рухани сұранысын қанағаттандыру, ұлттық салт-дәстүрімізді насихаттауды күн талабына қойып отыр. Соның айғағындай көркемөнерпаз ұжымдарының жұмысын қосымша ынталандыру, жоғары деңгейге жетелеу, әр топтағы дарынды адамдардың одан әрі кәсіби қалыптасуы үшін талантты өнерпаз орындаушыларды қолдау мақсатында кем дегенде бес жыл еңбек етіп, жұмысы бір арнаға түскен шығармашылық топтарға «Халықтық» (үлгілі) атағын тағайындау жолға қойылды. Өткен жылы 83 көркемөнерпаз ұжымы тұрақты жұмыс жасаса, қазіргі таңда Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінің 13 ақпан 2018 жылғы №41 бұйрығына сәйкес Батыс Қазақстан облысы бойынша 28 көркемөнерпаз ұжымына «Халықтық» (үлгілі) атағы беріліп, өнер ұжымдар саны 111-ге  көбейді.

Елбасының «Рухани жаңғыру: Болашаққа бағдар» бағдарламалық мақаласының аясында мәдениет саласында  көптеген  іс-шаралар атқарылуда. Облыстық мәдениет басқармасы «Қасиетті Қазақстан», «Рухани қазына» және «Қазіргі Қазақстанның мәдени жетістіктері» бағыттары бойынша координатор болып белгіленді. «Рухани қазына» кіші бағдарламасының мақсаты – қазақ халқының тарихи санасын дамыту арқылы ұлттық мәдени біртектілікті сақтау, Қазақстанның қасиетті мәдени-географиялық белдеуін зерттеу, заманауи қазақстандық мәдениетті насихаттау.

Биылғы жылы «Жайық қалашығы» археологиялық ескерткіші мен Бөкейордасы тарихи-музей кешені құрамына кіретін 16 ғимарат  республикалық маңызы бар бар тарих және мәдениет ескеткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілді.

 Қазіргі уақытта Бөкейордасы тарихи-музей кешені базасында облыстық музей-қорығын құру жұмыстары жүргізілуде, ал «Жайық қалашығы» археологиялық ескерткіш территориясының кіреберісінде  меценаттар арқылы  кірме аркасын салу жұмыстары жүргізілуде.

Сонымен қатар, Теректі ауданында жыршы, эпостық шығармаларды кең насихаттаушылардың бірі  Марабай Құлжабайұлының, Орал қаласында жазушы Хамза Есенжановтың  мүсіндері ашылды.

Үстіміздегі жылдың  қыркүйек-қазан айларында жергілікті меценаттар арқылы салынған Жәнібек ауданының Борсы ауылында белгілі қоғам қайраткері, ойшыл  ақын Ғұмар Қараш кесенесі, Теректі ауданына қарасты Долин ауылында Тақсай ханшайымының кесенесінің салтанатты ашылуы өтті.

2019 жылға қойған жоспарларымыз да аз емес, «Ауылым-ел бесігі»,   «Ұлы даланың жеті қыры», «Рухани жаңғыру» бағдарламаларын іске асыру мақсатында мәдениет  саласы бойынша  іс-шаралар жоспары жасалды.

Атап айтсақ, мәдениет мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайту бойынша шаралар, «Аудан күндері» фестивалі, «Елеулі есімдер», «Ауылдағы ардақтылар» жобалары, Қазақстанның  Халық әртісі Ғ.Құрманғалиевтің 110 жылдығына арналған шаралар кешені, республикалық 100 макросакралды объектілер тізіміне енген Жайық қалашығы мен Хан ордасы музей-қорығының  визит-орталығын салу, «Өнер – өшпес мұра»  фольклорлық-этнографиялық экспедициясын ұйымдастыру секілді жұмыстар қолға алынатын болады.

Ұлттың, елдің дамуында ұлттық құндылықтардың алар орны ерекше. Оларсыз маңдайы жарқыраған, төрт аяғын тең басқан өркениетті ел болу да қиын. Құндылықтар дегенде, алдымен атадан балаға мирас болып келе жатқан, ана сүтімен бойға дарыған ана тілімізді ауызға алар едік. Күмбірлеген күй мен әуезді әнді айтар едік. Қалай десек те, құндылықтарымызды көздің қарашығындай сақтап, ұлт мәдениетін жетілдіре беру – уақыт талабы.

«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей Елбасымыздың саясатын жүзеге асырып, мәдениет саласын өркендетуге барлығымыздың міндетіміз.