Алматыда Хадиша Бөкееваның тұрған үйіне ескерткіш тақта орнатылды.


     Облыс басшысы А.Көлгіновтың қолдауымен жерлесіміз, КСРО Халық әртісі Хадиша Бөкееваның тұрған үйіне (А.Зенков көшесі, 96) ескерткіш тақта орнатылды. Сол ескерткіш тақта орнату салтанатына облысымыздан БҚО мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Қ.Мұсағалиев бастаған делегация барды. Оның құрамында Ақжайықтың ақшағаласы, ақын Ақұштап Бақтыгереева және облыстық қазақ драма театрының әртістері бар.
    Ескерткіш тақтаның ашылу салтанатында КСРО Халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімов, Алматы қаласының мәдениет басқармасының басшысы және басқалары сөз алып, Сарыөзеннің жағасында түлеп ұшқан сахнаның хас шебері Хадиша апамыз туралы естеліктер айтты.
     Осындай салтанатты шараның ашылуына мұрындық болған облыс әкіміне алғыстарын жеткізсе, сондай-ақ, туғанына 100 жыл толуына орай туған жерінде атап өткен Батыс Қазақстандықтарға да ыстық сәлемдерін білдірді.