03 05 19 news 19

Биылғы жылдың 1-мамыры күні Х.Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жазушы, ақын Дариға Мұштанованың «Аңыз болған абысындар» драмасының премьерасы өтті. 

Қойылымның режиссері- Мәдениет саласының үздігі Нұрлыгүл Жұбатова, суретшісі- «Өнер Саласының Үздігі» төсбелгісінің иегері  Мұрат Мамбетов, балетмейстері - Қарлығаш Қадырбекова, сазбен көркемдеген –«Еңбек даңқы» төсбелгісінің иегері  Ержан Қажымов. Шынайы өмірден алынған үш ана, үш абысынның бейнесін - Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әсел Мамбетова, Жанаргүл Құрманғалиева, «Өнер Саласының Үздігі Айнұр Вахитова сомдады.

Көрермен ду қол шапалақпен қабылдаған премьера соңында сөз алған ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, қоғам қайраткері Айсұлу Қадырбаева қойылымның жан тебірентерлік әсер сыйлағанын айтты. Сондай-ақ, ол  сұм соғыс пен қазіргі заман арасына шолу жасай отырып, Дариға Ғазезқызының шығармасының тәрбиелік мәніне ерекше тоқталып өтті.

Премьеараны тамашалаған көрермендер арасында Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық-драма театрының көркемдік жетекшісі, Қазақстанның халық әртісі, режиссер, киносценарист Талғат Теменов те болды. Өз кезегінде драма авторы Д.Мұштанова театрдың шығармашылық ұжымы мен көрермен қауымға алғысын білдіріп, қойылым желісіне арқау болған абзал жандардың рухына тағзым етті.