07. 06. 2016

Қазақстанның Халық артисі, күй анасы Дина Нұрпейісова мен күйші-композитор Сейтек Оразалыұлының 155 жылдығына арналған «Ұлттық ұлық өнер» лекция концертінің ақпараты

Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығының концерт залында Қазақстанның Халық артисі, күй анасы Дина Нұрпейісова мен күйші-композитор Сейтек Оразалыұлының 155 жылдығына арналған «Ұлттық ұлық өнер» лекция концерті болып өтті. 

Лекция концертке Қазақ Ұлттық Өнер университетінің профессоры, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, күйші Айтжан Тоқтаған, Құрманғазы атындағы Мемлекеттік халық аспаптар оркестрінің директоры, күйші Нұрғиса Дәуешов, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Қазақ Ұлттық Өнер университетінің профессоры, күйші Дүйсен Орынбай және өңірімізге танымал күйшілер, мәдениет қызметкерлері, «Күй құдіреті» республикалық байқау үміткерлері қатысты. 

Құрманғазы атындағы саз колледжінің директоры, күйші Нұржан Сертеков кешті бастап, сахна төріне аталмыш шараға қазылық етуге арнайы келген ҚР еңбек сіңірген қайраткері, жерлесіміз, профессор, күйші Айтжан Тоқтағанды шақырды. 

Бүгін таңда күй өнерін зерттеп, бірнеше күйді күйтабаққа енгізіп, қазыналы өнерді насихаттап жүрген күйшімен бірге қызы Айтолқын Айтжанқызы да өнердің өрістеуіне өз үлесін қосуда. Лекция-концерт барысында ҚР еңбек сіңірген қайраткері, күйші Айтжан Тоқтаған әрбір күйдің шығу тарихына тоқталып, көпшілікке таныстырып отырды. 

Махамбеттің «Қилы қырғыны» күйін бастап тартқан Айтолқын Айтжанқызы онға жуық күйді шебер орындап, халықтың ыстық ықыласына бөленді. 

Көпшілік көрерменді күй күмбіріне бөлеген лекция- концерттің соңы үміткерлердің жеребе алу рәсіміне жалғасты.