07.06. 2016

Қазақстанның Халық артисі, күй анасы Дина Нұрпейісова мен күйші-композитор Сейтек Оразалыұлының 155 жылдығына арналған «Күй мұра» дөңгелек үстелінің ақпараты

 

Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшылығымен, облыстық халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығында Қазақстанның Халық артисі, күй анасы Дина Нұрпейісова мен күйші-композитор Сейтек Оразалыұлының 155 жылдығына арналған «Күй мұра» дөңгелек үстелі өтті.

Дөңгелек үстелді жүргізу барысында облыстық халық шығармашылығы орталығы директоры М.Қамбетов жүргізіп, Батыс Қазақстан облысындағы күй өнерінің дамуы туралы шолу жасады. 

Дөңгелек үстелге арнайы қатысқан Батыс Қазақстан облысы әкімі А.С.Көлгінов күй өнері, оның құдіреті, рухани қазынаның насихатталуы туралы айта келіп, Астана мен Алматы қалаларынан келген күй майталмандары Қазақ Ұлттық Өнер университетінің профессоры, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, күйші Айтжан Тоқтаған, Құрманғазы атындағы Мемлекеттік халық аспаптар оркестрінің директоры, күйші Нұрғиса Дәуешов, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Қазақ Ұлттық Өнер университетінің профессоры, күйші Дүйсен Орынбайға күй мерекесіне атсалысқандары үшін алғысын білдірді және «Күй құдіреті» республикалық байқауы үміткерлеріне сәттілік тіледі. 

Дөңгелек үстелге қатысушылар қазіргі күй өнерінің дамуы мен түйінді мәселелері туралы пікір алмасты.

Шараға ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Қазақ Ұлттық Өнер университетінің профессоры, күйші Дүйсен Орынбай Кәріғұлұлы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Қазақ Ұлттық Өнер университетінің профессоры, күйші Тоқтаған Айтжан Есенұлы, Құрманғазы атындағы Мемлекеттік халық аспаптар оркестрінің директоры, күйші, республикалық, халықаралық домбырашылар байқауларының лауреаты Дәуешов Нұрғиса Мұратұлы және өңірімізге белгілі күйшілер, зиялы қауым өкілдері, күй байқауының үміткерлері, домбырашылар қатысты.

 

 

 

ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛДЕ АЙТЫЛҒАН ПІКІРЛЕР

 «Қазақ күй өнерінің, күйшілік өнерінің дамуы барысындағы жаңалықтар, жағдаяттары» туралы ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Қазақ Ұлттық Өнер университетінің профессоры, күйші Айтжан Тоқтаған өз ойын көпшілікпен бөлісе отырып, күйді жеке орындау және сол күйдің тарихын экраннан беру жайында пікірін білдірді.

Қазақ Ұлттық Өнер университетінің профессоры, күйші Дүйсен Орынбай «Қазыналы мұраның насихатталуы, кейінгі ұрпаққа жеткізілуі» тақырыбын талқылады. 

М.Өтемісов атындағы БҚМУ-дың «Мәдениет және өнер» факультетінің деканы Мейрам Исатаев қазіргі таңда бітіруші түлектердің барлығының да жұмысқа орналасқанын тілге тиек етіп, олардың әлеуметтік жағдайларын қарастыру қажет екендігін баяндады. 

Сондай-ақ ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның Дәулеткерей атындағы ұлт-аспаптар оркестрінің дирижері Қырымгерей Қажымұлы Ақжайық өңірінде екі данышпан атындағы күй сайысының оздырылуы күй өнеріне қосылған үлкен үлес екендігін мақтанышпен көрсете келе, күйшілікті ерте бастан үйренуді де, үйретуді де қолға алу керектігіне баса көңіл бөлді. 

Өңірімізге танымал күйші, «Үкілі домбыра» республикалық байқауының жеңімпазы Едіге Набиев Дина күйшінің өмірбаяндық деректерін, соның ішінде «Шәрипа» күйінің шығу тарихын айтып, жас күйшілерге әрбір күйдің тарихына баса назар аударуды, күй авторларын дұрыс танып-білуге кеңес берді. 

 Облыс орталығындағы №3 балалар саз мектебінің директоры Тұяқов Мереке облыстағы саз мектебінің жай-күйіне назар аудартып, күй отаны Жайық елінде облыстық дәрежесі бар «Күй мектебін» ашуды ұсынды.

 Күй жанашыры, жасы сексенді еңселеп қалған Мәтжанов Жүсіп ақсақал күй өнерінің насихатталып отырғанына қуанышын білдіріп, осындай өнер додаларының көбірек ұйымдастырылса деген тілегін жеткізді. 

Күйші, жас шәкірттер тәрбиелеп келе жатырған ұстаз Асқар Кенжеғалиев қазақтың киелі аспабы домбыра жайында келелі ойларын, оны патенттеуді, Оралда үлкен домбыра академиясын қалыптастыруды жеткізді. 

Сонымен қатар осы өнерге еңбегі сіңген күйшілерді марапаттау үшін Құрманғазы, Дина медальдарын шығару, туған жерінде кесенесі мен домбыра мүсінін тұрғызу, түйіндей келгенде алдағы уақытта Орал жерінің күйдің орталығына айналуын қалаған жүрекжарды пікірін білдірді. 

Дөңгелек үстел соңында күй мәселелері жөнінде қозғалған ойлар мен ұсыныстардың негізінде қорытынды жасалды.