Батыс Қазақстан облысының әкімі

Ғ.Есқаливтың

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен

Тұңғыш Елбасы Н.Назарбаевтың

«Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы,

«Жастар жылы» аясында өтетін

ЖЕКПЕ-ЖЕК ақындар айтысында

сөйлейтін сөзінің жобасы

 

25 шілде  2019 жыл, сағат 20.00

 

 Ардақты ағайын, айтыс жанашырлары!

Жөргегіне жыр тұнған Ақжайық өңірі әлімсақтан өнерге бай өлке.

Бұл өлкенің ғасырлар бойы желісін үзбей келе жатырған тарих бетінде от тілді, орақ ауызды ақындардың, күмбірлеген күйлері сайын даланы сағынышқа бөлеген күйшілердің, қол бастаған көсем, сөз бастаған шешендердің есімдері ел есінде мәңгі  сақталып келеді. Ұлты ұлықтап жүретін осындай ұлы тұлғалармен дала дарабоздарын дүниеге келтірген киелі де қасиетті Ақжайықтағы  бүгінгі айтулы мерекеге қош келдіңіздер!

Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауында көрсетілгендей 2019 жыл «Жастар жылы» болып аталды.

Еліміз егемендігін алып, еңсесін тіктегелі ширек ғасыр ішінде асқан асуларымыз бен жеткен жетістіктеріміз  жетерлік.

Мемлекеттік деңгейде атқарылып жатырған тарихи шешімдер мен табысты қадамдар, «Әрбір қазақстандық жүргізіліп жатқан реформалардың мәнін және олардың Отанымызды өркендету жолындағы маңызын жете түсінуге тиіс», – деп Жолдауда айтылғандай, кеудесінде жаны бар, бойында қаны бар кез келген отандасымызды ойландырары, толғандырары анық.

Қазақстанның болашағы саналатын жастардың тұлғалық қасиетін қалыптастыру үшін қолға алынатын шаралардың барлығын қолдау – Жолдаудың басты міндеттерінің бірі.

Жас мемлекетіміздің әлі де бағындыруға тиіс асқақ арманы, ұлттық мүдде жолында ұйысқан ұлы мұратын республикамызға белгілі ақындардың көркем тілімен жалпы халықтың жүрегіне жеткізу мақсатында бүгінгі күні өңірімізде тұңғыш рет жекпе-жек айтыс өткізілгелі отыр.

Бүгінгі жыр додасы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен Елбасы Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы, «Жастар жылы» аясында ұйымдастырылып отыр.

Бұл дүбірлі додаға арнайы қонақ ретінде Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, М.Мақатаев атындағы сыйлықтың екі дүркін лауреаты, ақын, айтыстың тізгінін ұстап келе жатырған Жүрсін Ерман ағамыз қатысып отыр.

«Төл тарихын білетін, бағалайтын және мақтан ететін халықтың болашағы зор болады деп сенемін. Өткенін мақтан тұтып, бүгінін нақты бағалай білу және болашаққа оң көзқарас таныту – еліміздің табысты болуының кепілі дегеніміз осы»- деген болатын өз сөзінде Тұңғыш Елбасымыз.

Ендеше, ақындарымыздың тілдеріне қуат, жүректеріне шуақ ұяласын. Ақтаңгер ақындарымызға шалқар шабыт тілеймін.