ПРЕСС РЕЛИЗ


     Үстіміздегі жылдың  4 шілде күні сағат 10.00-де «Жастар  мәдениет үйінің» концерт залында Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен, облыстық мәдениет және өнер орталығының ұйымдастыруымен Астана күні мерекесі қарсаңында Алаш қозғалысының 100 жылдығына арналған «Қадыр жолымен...» жобасы аясында «Алаштың бағы – азаттық!» атты республикалық ақындар айтысы өтеді.

     Айтыстың мақсаты: Елдік үшін ерлік жасаған қазақ зиялыларының есімдерін келешек ұрпақ есінен шығармау үшін ұлттың ұлы тұлғаларын бүгінгі ұрпаққа ұлықтау, олардың үзілмеген үмітін, мемлекетшіл мүддесін ақындардың көркем тілімен халықтың көкейіне жеткізу.
     Сонымен қатар,  қазақ тарихынан ойып тұрып орын алатын  «Алаш  қозғалысының» 100 жылдығын атап өту; Алаш қайраткерлерінің Алашорда үкіметінің орнауына қосқан үлесі мен кейінгіге үлгі болған игі істерін дәріптеу; еліміздің жүрегі – Астананың асқақ айбынын, әлем халықтарының назарын өзіне аудартқан «Халықаралық ЭКСПО-2017» көрмесін кестелі жырмен кеңінен жырлап бере алатын ақындардың шығармашылығына демеу болып, барынша қолдау көрсету; қазақ елі, жері туралы мағлұматтарын кеңейту, елжандылық, туған жерге, Отанға деген сүйіспеншілік рухын көтеру; мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру; айтыс өнерін насихаттап, ел арасында өрісін кеңейту.
     Республикалық айтысқа есімдерін ел білетін айтулы ақындармен қатар өңіріміздің намысын қорғап жүрген жергілікті ақындар қатысады. Атап айтсақ, Мұхтар Ниязов, Рүстем Қайыртай, Дидар Қамиев, Мейірбек Сұлтанхан, Дәурен Ақсақалов, Жансая Мусина, Эльдар Ихсанов, Мұрадым Мирланов, Айнабек Бисенғалиев, Талғат Мықи, Бауыржан Ширмединұлы т.б. ақындар.
     Шақырулы қонақтар: Батыс Қазақстан облысының әкімі  А.Көлгінов, орынбасарлары; А.Өтеғұлов, М.Тоқжанов, Б.Қонысбаева, Б.Азбаев; Орал қаласының әкімі Н.Төреғалиев, орынбасарлары; М.Нұржанов, Р.Закарин, А.Қайсағалиев; Батыс Қазақстан облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Д.Құсайынов,  орынбасары С.Дүйсентегі.