Сыбайлас жемқорлық үшін жағдай туғызатын құқық бұзушылықтар:

- басқа мемлекеттік органдардың, ұйымдардың қызметіне заңсыз араласу;

- аталған адамдардың не олардың жақын туыстары мен жекжаттарының материалдық мүдделерін қанағаттандыруға байланысты мәселелерді шешу кезінде өздерінің қызметтік өкілеттігін пайдалану; 

- мемлекеттік қызметке кіру және қызметін жоғарылату кезінде заңда көзделмеген артықшылықтар беру (тамыр-таныстық, отбасылық жақындық);
- шешiмдер әзiрлеу мен қабылдау кезiнде заңды және жеке тұлғаларға заңсыз артықшылық көрсету;
- кiмге болса да табыс алуға байланысты кәсiпкерлiк және өзге де қызметтi жүзеге асыруда заңдарда көзделмеген кез келген жәрдем көрсету;
- мемлекеттiк мiндеттерiн атқару кезiнде алынған ақпаратты, егер ол ресми жариялауға жатпайтын болса, жеке немесе топтық мүдделерге пайдалану;
- берiлуi заңдарда көзделген ақпаратты жеке және заңды тұлғаларға беруден негiзсiз бас тарту, оны кешiктiру, бұрыс немесе толық емес ақпарат беру;
- жеке немесе заңды тұлғалардың табыс етуi заңдарда көзделмеген ақпаратты бұл тұлғалардан талап ету;

- мемлекеттiк қаржы ресурстары мен материалдық ресурстарды жекелеген кандидаттардың сайлау қорына беру;

- жеке және заңды тұлғалардың арыз-өтiнiштерiн қараудың және өз құзыретiне кiретiн өзге де мәселелердi шешудiң заңда белгiленген тәртiбiн әлденеше рет бұзу;

- жоғары тұрған ресми адамдардың лауазымдық өкілеттіктерін пайдалана отырып мүліктік пайда, игіліктер не артықшылықтар алу үшін аталған адамдарға сыйлықтар тарту және қызметтен тыс қызмет көрсету;

- жеке немесе заңды тұлғаларға олардың құқықтары мен заңды мүдделерiн iске асыруда көрiнеу кедергi жасау;
- кәсiпкерлiк қызметтi мемлекеттiк реттеу, сондай-ақ оған бақылау жасау және қадағалау өкiлеттiгiн сондай қызметтi жүзеге асырушы жеке немесе заңды тұлғаларға беру;

- мемлекеттік бақылау мен қадағалау міндеттерін мемлекеттік орган мәртебесі жоқ ұйымдарға беру;

- қызметi немесе жұмысы жөнiнен жоғары немесе төмен тұрған не өздерiмен өзге де түрде тәуелдi лауазымды адамдармен ақша немесе өзге де мүлiк салынатын сипаттағы құмар ойындар ойнауға қатысу.

 

Мемлекеттік қызметшілер:

- сыбайлас жемқорлық көріністеріне қарсы тұруға, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарға не сыбайлас жемқорлықпен ұштасатын немесе сыбайлас жемқорлыққа жағдайлар туғызатын әрекеттерге жол бермеуге;

- басқа мемлекеттік қызметшілер тарапынан болатын сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактілерінің жолын кесуге;

- егер сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық туралы анық ақпараты болса, мұндай құқық бұзушылықты болғызбау және тоқтату жөнінде қажетті шаралар қолдануға, оның ішінде жоғары тұрған басшыға, өзі жұмыс істейтін мемлекеттік органның басшылығына, уәкілетті мемлекеттік органдарға жазбаша нысанда дереу хабарлауға тиіс.

Мемлекеттік органның басшылығы ақпаратты алған күннен бастап бір ай мерзімде мемлекеттік қызметшінің сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар, өзін осы бұзушылықтарды жасауға көндіру жағдайлары туралы мәлімдеулері бойынша шаралар қолдануға, оның ішінде тексерулер ұйымдастыру және уәкілетті органдарға өтініштер жолдау арқылы шаралар қолдануға міндетті.

Мемлекеттік органның басшылығы сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың, өзін осы бұзушылықтарды жасауға көндірудің анық жағдайлары туралы хабарлаған мемлекеттік қызметшіні оның құқықтарын, заңды мүдделерін кемсітетін қудалаудан қорғау жөнінде шаралар қолдануға міндетті.

Мемлекеттік қызметшілер жеке және заңды тұлғалардың өз құқықтары мен заңды мүдделерін іске асыруын қиындататын іс-әрекеттерге (әрекетсіздікке) жол бермеуге тиіс.

 

ЖАУАПТЫЛЫҚ:

- Мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкiлеттiк берілген адамның не оған теңестiрiлген адамның немесе жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамның не лауазымды адамның, пара берушiнiң немесе оның өкiлi болған адамдардың пайдасына жасаған әрекеттері (әрекетсiздiгi) үшiн, егер мұндай әрекеттер (әрекетсiздiк) осы адамның қызметтiк өкiлеттiктеріне кiретін болса не ол лауазымдық жағдайына байланысты осындай әрекеттерге (әрекетсiздiкке) ықпал жасай алатын болса, сол сияқты жалпы қамқорлығы немесе жол берушілігі үшін өзіне немесе басқа адамдарға ақша, бағалы қағаздар, өзге мүлiк, мүлiкке құқық немесе мүлiк сипатындағы пайда түрiнде жеке өзi немесе делдал арқылы пара алуы (ҚР ҚК 366-бабы) мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, параның елу еселенген (алпыс еселенген, жетпіс еселенген, сексен еселенген) сомасы мөлшерінде айыппұл салуға не бес жылға дейінгі (үш жылдан жеті жылға дейін, жеті жылдан он екі жылға дейін, он жылдан он бес жылға дейін) мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.